АСТАНА, 5 мамыр — Sputnik. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Қазақстан павильоны 90%-ға дайын, деп хабарлады ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
"Өздеріңіз білесіздер, отандық өнертапқыштардың жобаларына біз таңдау жасадық. Оны тиісті қазылар алқасы таңдаған болатын. Қазірдің өзінде "жасыл экономикаға" қатысты өнертапқыштардың 11 өнертабысы көрмеге макет ретінде көрсетіледі. Ал басқа жобалар видеоролик ретінде паш етіледі. Қазіргі таңда видеороликтер Санкт-Петербургта дайындалып жатыр. Өткен аптада орынбасарым осы қалаға барып келді. Жұмыс тиісті деңгейде жүргізілуде. 1-2 аптадан соң видеорликтер дайын болады. Жабдықтауға қанша қаржы жұмсалғанын айта алмаймын. Алдымен жұмыс бітсін", — деді бүгін үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Бозымбаев.
Министр көрмеге Қазақстан павильонының 90%-ға дайын екенін атап өтті.
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі Астанада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Көрменің тақырыбы – "Болашақ энергиясы".