АСТАНА, 5 мамыр — Sputnik. Қазақстан Республикасы қорғаныс министрлігі ансамблінің әртістері Астана қоғамдық көлігінде концерт қойып, қалалықтарды келе жатқан Отан қорғаушылар күні, Қарулы күштердің 25 жылдығы және Жеңіс күнімен құттықтады.
"Кеше нөмірі 10-шы бағдарда ерекше концерттің көрермені болдым. Ұлы Жеңіс күніне орай қорғаныс министрлігі ұйымдастырған жоба екен. Әскери ансамбль әншілері әннен шашу шашып, би биледі, сөйтіп қала тұрғындарын бір сергітіп тастады. Мұндай тосын сыйға алғысымыз шексіз!!!", — деп жазды елордалық Алма Кемелқызы Facebook парақшасында.
Кейбір жолаушылар да әртістермен қосыла шырқапты.
Sputnik Қазақстан агенттігіне қорғаныс министрлігі берген ақпаратқа сүйенсек, әскери қызметкерлер осылайша отандастарын айтулы мерекемен құттықтағысы келген екен.
Әскерилер уәде бергендей, музыканттар концерттерін жұма күні тағы бір қайталайды. Сонымен қатар, Алматы метросында да өнер көрсетпек жоспарлары бар.