АСТАНА, 3 мамыр — Sputnik. Сириядағы деэскалация зоналары туралы келісімге 4 мамыр күні қол қойылуы мүмкін, деп хабарлады ҚР СІМ Азия және Африка департаментінің директоры Айдарбек Тұматов.
"Қазіргі таңда Ресейдің жаңа бастамасы бойынша келіссөздер жүргізілуде, шиеленіс деңгейі төмен зоналар — деэскалация зоналары туралы меморандум талқылануда, делегациялар осы тақырыпта келіссөздер жүргізіп жатыр. Ертең тараптар осы мәселе бойынша қол қояды деп сенеміз", — деді қазақстандық дипломат.
Оның сөзіне жүгінсек, бұл келісімге кепіл мемлекеттер қол қояды, егер кепіл елдер бұл құжатты қабылдаса, қалған мемлекеттер де оны орындауға міндетті болмақ. Бұдан бөлек, бітімге келген аудандар туралы қағида жөнінде келіссөз жүргізіліп, қарулы қақтығыстарды тоқтату және тұтқындармен алмасу мәселесі бойынша хаттама құжат жасалып жатыр.
"Осы құжаттардың бәрі әзірленіп жатыр, жақсы нәтиже күтеміз. Ертең жалпы отырыста келіссөздердің қорытындысы шығарылады, себебі бұл жолғы кездесудің маңызы әжептәуір арта түсті, қазір баршаның назары Астаналық процесте, Женевадағы келіссөздердің сәтті болуы осыған байланысты. Астанада қаралып жатқан мәселелердің бәрі орасан зор маңызға ие", — деп ойын қорытты Айдарбек Тұматов.