АСТАНА, 2 мамыр — Sputnik. Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытында діни жоралғыларға қатысуына шектеу қоюға қатысты мәселе жан-жақты талқыланып, салиқалы шешім қабылданатын жеткізді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл мәселе де өте маңызды. Еліміздің конституциясы, заңдары бойынша әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеп, сақтаймыз. Бізде ар-ождан бостандығы бар. Сондықтан бұл мәселені де жан-жақты қарап, салиқалы шешімге келеміз деп ойлаймыз. Қазір нақты айтуға ерте. Заңнамалық өзгерістер тақыланған кезде бұл мәселені қарап, тиісті шешімге келеміз", — деді бүгін Ермекбаев үкімет отырысын кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, бұған дейін мемлекеттік қызметшілерге жұмыс уақытында діни жоралғыларға қатысуға шектеу қойылуы мүмкін екендігі хабарланған еді. Бұл ұсыныстар діни қызмет пен діни ұйымдар туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының аясында талқыланады.