АСТАНА, 27 сәуір — Sputnik. Үкіметке тиісті ұсыныс енгізілген соң жол полицейлеріне арнайы таяқшалары қайтарылуы мүмкін. Сенатта өткен үкімет сағаты барысында сөз сөйлеген ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов арнайы таяқшалардан еуропалық тәжірибені ескеріп бас тартылғанын еске салды.
Арнайы таяқшалар жарық шағылыстыратын жилет, перчаткалармен ауыстырылды. Олармен қазақстандық полицейлер 100 пайызға қамтамасыз етілген.
"Ал біздің халықтың бұған үйрене алмай жатқаны басқа мәселе. Менің ойымша, бұл жай әдет, әдет кейіннен қалады. Адамдар полицейлердің жаңа жарық шағылыстырушы формасына да үйренеді", — деді Қасымов.