АСТАНА, 27 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың пікірінше, бэби-боксты пайдалану тастанды балалар мәселесін шешпей, керісінше олардың санының артуына және отбасылық құндылықтарды ескере отыра, қоғамда теріс пікірдің туындауына әкелуі мүмкін.
Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова тастанды сәбилер мәселесіне алаңдаушылық танытып, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол тығырықтан шығар бір жол ретінде бұған дейін де депутаттар ұсынған "бэби-бокс" деп аталатын үміт бесіктерін орнатуды тағы көтерген еді.
"Бэби-бокс деп аталатын үміт бесіктері бүгінде біраз елде бар. Көптеген батыс елдері аурухана жанына қойылатын жәшіктердің арқасында мыңдаған нәрестесінің өмірін аман сақтап қалды. Қара суық пен ит-құстың жемтігіне айналғанша, өзге елдерде кеңінен тараған тастанды нәрестелерге арналған үміт бесіктерін орнату тығырықтан шығар амал ма дерсің?", — деген еді депутат мәжіліс отырыстарының бірінде.
Бақытжан Сағынтаев депутаттың сауалын бір ай қарастырып жауап берген. Премьер-министрдің жауабында жазылғандай, "Baby box" орнатуға қатысты әлемдік тәжірибе көңіл көншітпейді. Соңғы он жылда Еуропалық Одақтың 11 елінде 200-ге жуық бэби-бокстың орнатылуы тастанды балалар санының азаюына әкелген жоқ. Швеция, Венгрия, Германия, Австрия сияқты елдер тастанды балаларға арналған бэби-бокстарды пайдаланудың тиімсіздігіне байланысты мұндай тәржірбиеден бас тартқан.
"ЮНИСЕФ, БҰҰ-ның Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, адам құқығы бойынша Жоғарғы Комиссар Офисі де әр баланың өз ата-анасын білу құқығын бекітетін Бала құқықтары туралы конвенцияның нормаларына қайшы келетіндіктен, бэби-бокстарды орнатудан бас тартуды ұсынған болатын. Бэби-бокстарды орнату 2011 жылғы 26 желтоқсандағы "Неке (ерлі- зайыптылық) және отбасы туралы" кодекстің 47,70- баптарының, сондай-ақ 2014 жылғы 3 шілдедегі ҚР Қылмыстық кодексінің 119, 140, 141-баптарының талаптарын бұзады", — деп жазылған жауапта.
"Бастысы, бэби-бокстарды пайдалану көшеде қалдырып кеткен нәрестелердің шетінеп кету проблемаларын шешпей, тастанды балалар санының артуына және отбасылық құндылықтарды ескере отыра, қоғамда теріс пікірдің орын алуына әкелуі мүмкін", — дейді Сағынтаев.
Қазіргі уақытта баладан бас тартудың алдын алу сияқты әлеуметтік маңызды мәселені шешу үшін "Ана үйі" қоғамдық қоры барлық өңірлерде 25 дағдарыс орталығының базасында өмірдің қиын жағдайына тап болған әйелдер үшін арнайы жобасын іске асыруда. Статистика бойынша ай сайын дағдарыс орталығына жаңа туған нәрестемен 45-ке жуық ана түседі екен.
"Ана үйі" жобасының оң тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік органдар мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп, нәрестелердің өмірін сақтап қалу, отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша жүргізіп жатқан басқа да кешенді шараларымен бірге жалғасатын болады. Осы мақсатта Үкімет уәкілетті мемлекеттік органдарға көрсетілген проблемаларды шешуге бағытталған қосымша шаралар қабылдау тапсырмасын берді", — деп жазылған жауап хатта.
Кәмелетке толмағандар арасындағы жүктілік саны соңғы екі жылда 4702-ден 4090-ға, кәмелетке толмағандар арасындағы түсік тастау 700-ден 564-ға дейін төмендеген, ерте диспансерлік бақылаумен қамтылған жүктілер саны 78,1%-дан 81,6%-ға дейін артқан.