АСТАНА, 26 сәуір — Sputnik. Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев осы ұйымдағы екі орынбасарын тағайындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында біздің шешіміміз бойынша жылына бір рет төрағаның екі орынбасары тағайындалады", — деді Назарбаев.
Ассамблея кеңесінің ұсынуымен ҚХА төрағасының орынбасары лауазымына Ақтөбе облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Сергей Вишняк пен "Әзербайжан қауымдастығы" республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абилфас Хамедов тағайындалды.
Айта кетсек, "Жаңғырудың негiзi — тұрақтылық, бiрлiк, келiсiм" тақырыбындағы сессияға елiмiздiң түрлi аймақтарынан 1500-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында Ассамблеяның барлық өңірлерден келген мүшелері мен ардагерлері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің төрағалары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдардың, саяси партиялардың, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ-ның басшылары, ЖОО ректорлары, шет мемлекеттердің дипломатиялық миссиялары, ғылыми, шығармашыл зиялы қауым өкілдері бар.