АСТАНА, 26 сәуір — Sputnik. Димаш Құдайбергеннің құрметіне өткен кеште күзетшілер мен журналистер арасында шыққан жанжалға қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Журналистке қол жұмсау фактісі бойынша Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің позициясы мынадай: біз адамға, әсіресе, өзінің қызметтік міндетін атқарып жүрген журналиске қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық фактісіне қарсымыз. Біз бұл оқиға бойынша мұқият тергеу жүргізілгенін сұрайтын боламыз. Оның нәтижесін хабарлаймыз. Журналист тарапынан дұрыс іс-әрекет болмағанның өзінде, қол жұмсау фактісін айыптаймыз", — деді Абаев журналистерге.
Айта кетсек, кеше Астанада "Қазақстан" орталық концерт залында Димаш Құдайбергеннің I am a singer байқауындағы жүлдесіне арналған "Әлем таныған Димаш" кеші өтті. Кеш басталмас бұрын концерттік залдың күзетшілері мен бірқатар басылымның журналистері арасында кіре берісте жанжал шығып, төбелеске дейін барған. Өз кезегінде ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұл келеңсіз оқиғаның мән-жайын анықтауға уәде берді.