АСТАНА, 26 сәуір — Sputnik. ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов белгілі әнші Димаш Құдайбергеннің құрметіне өткен кеште шыққан жанжалдың мән-жайын анықтауға уәде берді, хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, кеш басталмас бұрын концерттік залдың күзетшілері мен бірқатар басылымның журналистері арасында кіре берісте жанжал шығып, төбелеске дейін барған.
"Біз бұл оқиғаның мән-жайын анықтаймыз. Өз бақылауыма аламын", — деді Қасымов мәжіліс отырысынан кейін журналистерге.
Димаш Құдайбергеннің I am a singer байқауындағы жүлдесіне арналған "Әлем таныған Димаш" кеші сейсенбі Астанада "Қазақстан" орталық концерт залында өтті.