АСТАНА, 25 сәуір — Sputnik. ЭКСПО халықаралық көрмесі қарсаңында "Елордадағы қауіпсіздік пен жайлылық" кешенді жоспарын іске асыру барысында Астана қаласының ІІД Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау полициясы рұқсат етілмеген жерлерге қоқыс шығарған, лас сұйықтықтарды төккен азаматтарды анықтау бойынша кеңейтілген жұмыстар жүргізуде, деп хабарланады Астана әкімдігінің ресми сайтында.
Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК 505-бабы "Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру" бойынша белгіленбеген жерге қар, қоқыс шығарған, лас сұйықтықтарды төккен шамамен 95 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы — 2 млн-нан астам.
Сонымен қатар, 24 сәуірде Алматы аудандық ІІД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы қызметімен белгіленбеген орында қоқыс төккен "Газель" автокөлігінің жүргізушісі ұсталды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жүргізушіге 20 АЕК (45 380 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.