АСТАНА, 25 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Бірқатар қылмыс үшін қосымша жаза ретінде азаматтықтан айыру бастамасының ешқандай саяси астары жоқ, деп хабарлады ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.
"Заң жобасының негізіне азаматтықтан айырумен күрес жөніндегі конвенцияның баптары алынды. Конвенцияның сегізінші бабында «егер азаматтар елдің өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін болса, оларды мемлекет азаматтықтан айыра алады» деп жазылған", — деді үкімет отырысынан кейін министр тілшілерге.
Оның айтуынша, елдің өмірлік маңызы бар мүдделері «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңда нақты анықталған. Оған сәйкес негізгі ұлттық мүдделерге Конституциялық құрылыстың тұтастығы жатады. Бұл ұғымға елдің тәуелсіздігі, біртұастығы және президенттік басқару нысаны кіреді.
Бұдан бөлек, министр «кейбір сарапшылар заң жобасының кей баптары биліктің өзінің саяси оппонеттерімен күрес құралына айналып кетуі мүмкін деген күдігі бар" деген сұраққа "Бұл жерде ешқандай саяси астар жоқ. Ешқандай саяси мәселелермен байланысты емес. Заң жобасы террористік актілерге қатысқан адамдардың елге оралып, өз идеологиясын таратуына жол бермеуді көздейді", — деп жауап берді Бекетаев.
Айта кетсек, бүгін үкімет отырысында «Кейбір заңнамалық актілерді Конституцияның нормаларына сәйкестендіру мәселелері туралы» заң жобасының тұжырымдамасы бекітілді.
Сонымен, қазақстандықтар қылмыстық кодекстің 21 бабы бойынша қосымша жаза ретінде азаматтықтан айырылатын болады. Оның 10 бабы 14 аса ауыр террористік қылмысқа, қалған 11 бап елдің ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне ауыр зиян тигізетін 16 қылмысқа байланысты. Мысалы, геноцид, сепаратистік әрекет, экстермистік топ құру, оған басшылық ету немесе оның әрекетіне қатысу.
Бұл жазаны сот ерекше жағдайларда жасалған іс-әрекеттердің және әкеп соққан зардаптың ауырлығын, істің нақты мән-жайын негізге ала отырып тағайындайды. Азаматтықтан айыру соттың заңды күшіне енген айыптау үкімі негізінде уәкілетті органда тіркеледі.