АСТАНА, 25 сәуір — Sputnik. Батыс Қазақстан облысы "Сырым" шекара бекетінде жолаушылар автобустары мен жүк көліктері кептеліп қалды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Орал мен Самара арасындағы шекараға келіп кептеліп қалған көліктердің санына жету қиын. Ұзын-сонар кезек. Жүк көліктері мен автобустардың қозғалмай тұрғанына тіпті екі күннен асқан. Ал мұның себебін түсіндіріп жатқан жан жоқ.
"Бұл жерде ылғи да кезек. Шекараның кейде Ресей жағы, кейде Қазақстан жағы жібермейді. Қазір Ресей тарапы жібермей ұстап тұр", — дейді жүк көлігінің жүргізушісі Асқар Қосмұратов.
Бірнеше шақырымға созылған кезекте бірнеше автобус та тұр. Жолаушылардың басым бөлігі нәпақа табу үшін Ресейге бара жатқан Өзбекстан азаматтары. Екі күн бойы көлікте түнеп жүрген 600-ге жуық адамның ас-суы таусылған. Ал бекетте не асхана, не дүкен жоқ.
"Жеңіл көліктерді кезексіз өткізіп жатыр. Біз не адам емеспіз ба?! Бір автобуста 55- тен сексенге дейін жолаушы бар. Тамақ, су бәрі таусылды. Түнде жаурамасын деп көлікті оталдырып қоямыз. Екі күн болды. Майымыз да бітіп жатыр", — автобус жүргізушісі Леонид Еремеев.
Өзбекстандықтар Ресейге мүлде жете алмай, кері қайтамыз ба деп қорқып отыр. Себебі транзиттік визалардың уақыты шектеулі. Ал, кеден қызметінің түсіндіруінше, шекарадағы ұзын-сонар кезекке Ресей тарапының жүк көліктерінің қатынауын ақылы етуі себеп. Ақшасын үнемдеу үшін көбі біздің бекеттер арқылы өтуге тырысады екен.