Экономика

Елбасы қаржы министрлігіне бюджетті толтырудың жаңа механизмдерін әзірлеуді тапсырды

© Официальный сайт Президента КазахстанаБахыт Сұлтанов және Нурсултан Назарбаев
Бахыт Сұлтанов және Нурсултан Назарбаев - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Экономикалық өсімнің төмендеуі мен кірістердің азаюы байқалған жағдайда ведомствоға бюджетті толықтырудың қосымша тетіктерін қалыптастыру тапсырылды

АСТАНА, 24 сәуір — Sputnik. Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауда еліміздің қаржы және фискалдық жүйесінің алдына қойылған міндеттердің іске асырылу барысы туралы мәлімделді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. 

Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикалық даму деңгейін арттырудың маңыздылығын атап өтіп, негізгі үш міндеттің орындалуына баса назар аударды.

"Біріншіден, тиісті тетіктер қалыптастыру арқылы бюджет кірісін арттыру керек. Қажет болған жағдайда, шетелдік тәжірибе зерттелуге тиіс. Екіншіден, мемлекеттік шығыстарды азайту керек. Үшіншіден, бөлінген бюджетті тиімді пайдаланған жөн. Мемлекет үшін Қаржы министрі қызметінің тиімділігі оның осы функцияларды қалай атқаратынына тікелей байланысты", – деді Қазақстан президенті.

Мемлекет басшысы экономикалық өсімнің төмендеуі мен кірістердің азаюы байқалған жағдайда Қаржы министрлігінің бюджетті толықтырудың қосымша тетіктерін қалыптастырып, мемлекеттік қарыздың қауіпсіз параметрлерін қамтамасыз етуге тиістігін атап өтті.

"Негізінен, экономикадағы өсім Ұлттық қордың қаржысы есебінен қамтамасыз етілуде. Көптеген ұйымдар одан әрі игеру үшін қашан қаржы бөледі екен деп, қол жайып қарап отырады. Қаржы министрлігі бұл үдерісті шектеп, бақылауда ұстауға тиіс. Біз Ұлттық қорды ұлғайтуымыз қажет", – деп тапсырма берді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Сұлтанов Мемлекет басшысына қаржылық тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау, тексерістерді қысқарту және кәсіпкерлік секторға түсетін ауыртпалықты азайту, мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру, мемлекеттік аудит жүйесіне алдын алу шараларын енгізу жөнінде ведомство тарапынан жасалып жатқан қадамдар туралы баяндады.


Жаңалықтар
0