АСТАНА, 24 сәуір — Sputnik. Еліміздегі ең сымбатты бойдақ Тәуекел Мүсілім өзге ұлт өкілдерімен бас қосатын қазақ қыздары жайын сөз етті. Оның айтуынша, қаракөздердің шетелдіктермен бас қосуына қазақ жігіттерінің өздері кінәлі. Бұл туралы Тәуекел Zhuldyz.Tv арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Stan.kz.
Тәуекел өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтеретін қазақтарды түсінбейтінін айтты. Десе де, ол қазақ қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуына жігіттердің өзі кінәлі деп отыр.
"Әрине, қазақтың жан дүниесін қазақ қана түсінеді деп ойлаймын. Қарындастарымыз, әпкелеріміз шетел азаматтарымен қол ұстасып, шаңырақ құрып жатыр. Ондай нәрсеге өзім қызық қараймын. Әрине, әркім өзінің бақыты үшін қолынан келгенін жасайды.Өзімізден де (қазақ жігіттерінен) бар болуы мүмкін. Кішкене боспыз, бағаламаймыз. Ойымыздың бәрі жеңіл-желпі нәрселерге ауады, еріншекпіз. Соның кесірінен әпкелеріміздің көңілі қалып, басқа азаматтардан қамқорлық іздеуі мүмкін", – деп ағынан жарылды Тәуекел.
Актердің пайымдауынша, қазақты қазақтан артық ешкім түсіне алмайды.
"Қанша сен ғашықпын немесе бақыттымын дегеннің өзінде де шетелдің азаматы бәрібір басқа. Менталитеті, болмысы… Біздің елімізде 10-15 жыл тұрса да, ол қазақ болып кете алмайды", – дейді Тәуекел.
28 жасқа келген Тәуекелдің жақын арада үйленетін ой жоқ. Дәурені жүріп тұрған шақта актер өзінің қолын байлағысы келмейтін көрінеді.
"Өзіме келетін болсам, анамның айтуы бойынша да, өзімнің қалауым да қаракөз қазақ қызы болады. Қашан үйленетінім белгісіз. Қазір 28-демін. Үйленетін болсам, көптеген нәрсеге шектеу қою керек болады. Маған деген сұраныс, қызығушылық көп болып жатқан кезде өзімді пысықтап дайындағым келеді. Сымбатты Тәуекел емес, мықты актер, кәсіби тележүргізуші деген атқа ие болғым келеді", – деп түйіндеді сөзін Тәуекел.