АСТАНА, 21 сәуір — Sputnik. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астананың іші мен сыртында үйіліп жатқан қоқыс мәселесін көтеріп, қала әкімі Әсет Исекешевке мәселені шешуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Кейбір құрылыс компаниялары өз құрылыс қоқыстарын да шығармайды. Қалада бүкіл жерде қоқыс үйінділері жиналып қалған. Бұрын Әділбек Рыскелдіұлы (Әділбек Жақсыбеков – Астананың бұрынғы әкімі) кезінде де мұндай болмаған еді", — деді Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Астана қаласының дамуы және "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жөніндегі кеңесте.
Әсет Исекешев өз кезегінде бұл мәселенің жылда қыстан кейін шығатынын айтты.
"Қазір біз заңнамалық реттеу бойынша ұсыныс дайындап жатырмыз. Өйткені құрылысшылардың қоқысты шығаруы реттелмеген", — деді әкім.
"Ол салған үйінің маңын тазалап, ағаштар егуге міндетті. Ол қоқысын да жинамайды, өйткені біз талап етпейміз. Айыппұл салу керек", — деп қадап айтты Президент.