АСТАНА, 20 сәуір — Sputnik. Павлодарда тоғыз қабатты үйдің төбесінде суретке түспек болған алты жасөспірім ұсталды деп хабарлайды Павлодар облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Sputnik Қазақстан агенттігіне.
Ведомствоның мәліметінше, полиция Instagram желісінде пайда болған бейнежазбаға байланысты шара қолданған. Бейнеде жасөспірімдер аса қауіпті биіктікке шығып селфи жасаған екен. Бұл бейнежазбаның барлық кейіпкерлері табылды, олар 2001-2004 жылы туған алты жасөспірім. Оқушылар арасында ата-аналарымен бірге әңгіме жүргізілді.
"Жасөспірімдер күннің қызарып батқанын қызықтап, Павлодардың әдемі тұстарын биіктен тамашалағымыз келді деп түсіндірді, бірақ бейнежазбалар мен суреттерден көргеніміздей, олар әлеуметтік желіде көбірек "лайк" жинау үшін шатырдан-шатырға секіріп суретке түседі екен", — дейді облыстың ІІД баспасөз қызметінің басшысы Баян Мазғұмова.
Полицейлер ата-аналарға балаларымен қатаң түрде сөйлесуге тапсырма берді. Сонымен қатар, қаланың тұрғын үй коммуналдық шарушашылығына барлық шатырлар мен жертөлелерді бекітіп қою туралы ұсыныс жіберілді.