АСТАНА, 20 сәуір — Sputnik. Сенат депутаты Бірғаным Әйтімова Қазақстанда қоғамның санасын жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия құру мәселесі жөнінде ойын білдірді.
"Негізгі мақсат — жастар арасында ғана емес, бүкіл азаматтар арасында патриотизмді дамыту, тарихи-мәдени құндылықтардың маңыздылығын анықтау, өз отанын ұғындыру", — деді Әйтімова сенаттың жалпы отырысынан соң тілшілерге.
Сенатор "депутаттардың санасын жаңғырту керек пе" деген сұраққа да жауап берді.
"Жоқ. Депутаттар сана-сезімі бар адамдар, санасыз депутаттар арамызда жоқ. Депутаттарға сын айтқанға шеберсіздер, онда мен сіздерге бір сауал қояйын: "Оларды кім сайлады?" Сайлаушылар сайлады емес пе. Сенаторларды да мәслихаттар арқылы сайлайсыздар. Міне, солай. Талап етіңіздер. Қызметке лайықты адамдарды сайлаңыздар. Менің пікірімше, халық лайықты депутаттарды сайлаған", — деді ол.
Оның сөзіне сүйенсек, қоғамның санасын жаңғырту — "аса заманауи идеялардың бірі".