АСТАНА, 20 сәуір — Sputnik. ҚР Парламентінің сенат депутаттары науқас ұшқыштарды ұшуға заңсыз жіберген дәрігерлерді жауапкершілікке тартатын түзетулерді екінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі мәселелері бойынша ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң азаматтық авиация саласындағы заңнаманы Халықаралық азаматтық авиация ұйымының стандарттарына барынша сәйкестендіруге бағытталған.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 100 АЕК көлеміндегі айыппұл авиациялық медициналық мамандар азаматтық авиация саласында медициналық анықтама беру талаптарын орындамай, салдарынан ұшу қауіпсіздігі бұзылған жағдайда салынады. Егер медициналық маман айыппұл салынғаннан кейін бір жыл ішінде талаптарды қайта бұзса, 200 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады.