АСТАНА, 18 сәуір — Sputnik. Алматы мен Қаскелең арасындағы күре жолда жүк көлігі мен шағын автобус соқтығысып, салдарынан 12 адам зардап шекті, деп хабарлады Sputnik Қазақстанға Алматы облысының ішкі істер департаментінен.
"Жол апаты бір жарым сағат бұрын болды. ГАЗель мен Renault маркалы жүк көлігі соқтығысты. Аталған іс 345-баптың 2-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізбесінде тіркелді. Қазір тексерулер жүргізіліп, сараптамалар тағайындалды. Зардап шеккен бес адам жақын маңындағы ауруханаға жеткізілді", — деді баспасөз қызметінде.
Полицейлер атап өткендей, ГАЗель Алматыдан Қаскелеңге қарай бағыт алған.
Бұл ретте Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы зардап шеккендер саны 12 адам екенін хабарлады.
"Бес баланың екеуі жансақтау бөлімінде, үшеуі травматологияда жатыр. Жедел жәрдеммен зардап шеккен тоғыз адам жеткізілді. Қаза болғандар жоқ. Тағы үш адамды жеке көлікпен алып келген. Жалпы зардап шеккендер саны — 12 адам", — деді баспасөз қызметінде.
Әлеуметтік желіде жол апатының видеосы жарияланды.