АСТАНА, 18 сәуір — Sputnik. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев су тасқынына дайындық мәселесі бойынша қателіктердің жылда қайталанатынын айтып, жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстауымыз керек. "Айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайды" деп айтады ғой, сол баяғы жартас, бір жартас. Жұмыс жүргізіп жатырмыз, қатаң бақылауда ұстап отырмыз деп қанша айтамыз. Бірақ, келеңсіз жағдайларға алып келіп отыр. Табиғи апат айтып келмейді, дегенмен соған қарсы өзіміздің іс-шараларымыз дайын болуы керек. Көп жағдайда өзіміздің жіберіп отырған қателіктеріміздің кесірінен мұндай жайттар орын алуда", — деген Сағынтаев жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов баяндағандай, бүгінде 7 өңірде — Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында су тасқыны жүруде. Бұл өңірлерде 1 949 тұрғын үйді су басып, 120 автомобиль жолын су шайған. Бүгінгі күні оның 63-і қайта қалпына келтіріліпті.