АСТАНА, 18 сәуір — Sputnik. ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Ішпекбаевқа мемлекеттік қызметкер ішімдік ішуге бола ма және қандай мөлшерде деген сұрақ қойылды.
Қолданушы Қымбат Белгібаева мемлекеттік қызметте істейтінін айта кетіп, ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Ішпекбаевтан ішуге рұқсат етілген ішімдік мөлшері туралы сауал қойып, қызының тойында ішімдік ішуге рұқсат сұрады.
"Мемлекеттік қызметкерлер іс-әрекеттері мен өздерін ұстауы арқылы қоғам тарапынан сын айтылуына жол бермеуі тиіс. Сол себепті мерекелік шараларда мемлекеттік қызметкерлер жоғарыда айтылған әдеп нормаларын сақтауға міндетті", — деді Ішпекбаев интернет-конференция барысында.
Сонымен қатар, агенттік төрағасының орынбасары мемлекеттік қызметкерлердің жұмыстан тыс уақытта да этикалық кодексті сақтауға міндетті екенін, қоғамдық орындарда мас күйінде болмауы тиіс екендігін еске салып өтті.