АСТАНА, 18 сәуір — Sputnik. ҚР Сыртқы істер министрлігі Сирияның Алеппо қаласы маңында болған терактілерге байланысты мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
"Қазақстан 2017 жылдың 15 сәуірінде Сирияның Алеппо қаласының маңында болған терроризм актісін қатаң айыптайды. Үкімет пен қарулы оппозиция арасындағы келісімдердің аясында Аль-Фуа ауданынан Кефрайға эвакуацияланып жатқан 100-ден аса адам осы қылмыстың құрбаны болды", — делінген құжатта.
Жазықсыз бейбіт азаматтардың, әсіресе балаларды өлтіру ерекше наразылық туғызды, бұл лаңкестердің рақымсыздығын көрсетеді. ҚР СІМ Сирия халқына, осы терактілерден қаза тапқандардың туыстарына қайғырып көңіл айтып, зардап шеккендерге сауығып кетулеріне тілек білдірді.
"Қазақстан терроризм мен оның кез келген түрімен ымырасыз күреске қолдауын тағы бір мәрте растайды және осы бағыттағы халықаралық координацияны нығайтуға, жаһандық контртеррористік коалиция (желі) құруға шақырады", — деп түйді СІМ.
Өткен сенбі күні Идлиб түбіндегі Фуа және Кефраяның шиіт халқын Алеппоға көшіріп жатқан автобустың маңында ішінде жанкешті отырған көлік келіп, жарылды. Терактіден қаза тапқандардың саны 130 адамнан асты.