АСТАНА, 13 сәуір — Sputnik. Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан "Ақ жол" фракциясының депутаттары ұсынған ауыл жастары үшін арзан жатақханалар салу бастамасына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ауылдан қалаға келіп, тұрақты жұмысы жоқ, пәтер жалдап жүрген жастар үшін ас үйі мен әжетханасы ортақ жатақханалар салуды ұсынды.
"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 2021 жылға дейін 35 мың жалдамалы пәтер салу жоспарланып отыр. Егер олардың орнына жатақхана салсақ, 49 мың отбасыны тұрғын үймен қамтамасыз етер едік. Осы санаттағы адамдардың баспана мәселесін шешу үшін қосымша шаралар керек. Бұл ретте кейбіреулердің бөлмелері шағын арзан жатақханалар салу тәжірибесін ескеруге болады. Көпқабаттағы үйдегі бір бөлмелі пәтерлердің ас үйі мен санитарлық торабы қырық шаршы метрге жуықтайды. Егер жеке дара ас үй мен әжетханадан бас тартып, жатақханада тұрса, бұл баспана құнын біршама арзандатады. Осындай жатақханалар салу көптеген отандасымызды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", — деді Пераушев сәрсенбіде үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында.
"Осындай ұсыныс жасаған адам бірінші болып өзі үлгі көрсетсін. Әжетханасы мен ас үйі жоқ жерге көшсін. Сонда біз бұл ұсыныстың шынайылығына көз жеткіземіз", — деді бүгін Тайжан тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.
"Мен ол отырыста болған жоқпын. Мәтіннен үзіп жазылған дүниелерге қатысты пікір білдіру қиындау. Бірақ, жалпы адам жайлы үйде тұру керек. Мен өзім ішінде бүкіл жағдайы бар жатақханада алты жыл тұрдым", — деп толықтырды ол.
Қоғам белсендісі бүгінгі күні елімізде тұрғын үй мәселесі өзекті болып тұрғанын атап өтті.
"10 сотық, жатақхана, отбасылық жатақхана секілді дүниелерді жасау керек. Өйткені қазір халық саны өсті. Осы біз тұрған жерден жүз метр аумақта бес бөлмелі пәтерлер бар, онда бір бөлмеде бес адамнан 25 адам тұрады. Мен апарып, көрсете аламын. Шын мәнінде, жастардың үйі жоқ. Жастардың үйі, тұрақты жұмысы жоқ, сондықтан олар үйленуге қорқады. Бұл өте маңызды проблема. Біз жастарға жағдай жасауымыз керек. Уақытша тұратын жатақханалар болса, кейін үйленгесін, отбасылық жатақхана беру керек. Ол үйді қалай алады? Қазір кредит алу өте қымбатқа түседі", — деді Тайжан.