АСТАНА, 13 сәуір — Sputnik, Айымгүл Әбіл. Бүгін мәжілісте жер дауынан кейін әзірленген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасын депутаттарға таныстырған Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаевтың баяндауынша, жаз бойы жұмыс істеген жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы бойынша әзірленген ұсыныстар заң жобасына еніп отыр.
"Бірінші, ауыл шаруашылық жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтау және оны жетілдіру, екінші, жалға берілетін ауыл шаруашылық жерлерінің шекті мөлшерін белгілеу, үшінші, шекара маңынан жер беруге қойылатын талаптарды күшейту, төртінші, халыққа қажетті жайылымдық жерлердің көлемін анықтау, бесінші, жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажет жер учаскелерін мемлекеттік мұқтаждыққа жатқызу. Заң жобасы осы мәселелерді заңнамалық тұрғыдан бекітуді көздейді", — деді Нысанбаев.
Жер дауы көтерілген кезде талқыға түскен маңызды мәселелердің бірі – латифундизммен күрес. Осыған орай заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлері ірі көлемде "бір қолға" өтіп кетпеуі үшін шекті мөлшер белгіленетін болады.
"Ауыл шаруашылығы жерлерінің үлкен көлемде "бір қолға" беруге жол бермеу мақсатында қазақстандықтарға жалға берілетін жердің ең жоғары мөлшерін алқаптар бойынша республика, облыс және әкімшілік аудандар шегінде белгілеу қарастырылады. Бұл ретте ауыл шаруашылығы жерлерін республика бойынша шекті мөлшерден асатын көлемде бір қолға беруге жол берілмейді. Олардың мөлшерін өкілді және атқарушы органдардың бірлескен ұсынысының негізінде үкімет бекітеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазіргі уақытта тиісті есептеу әдістемесін әзірлеуде. Онда республиканың әрбір өңірінің жағдайы мен ерекшелігі ескеріледі", — деп атап өтті вице-министр.
Бұдан бөлек, заң жобасы ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру институтын сақтай отырып, жерлерді конкурстық негізде берудің жеке тәртібін енгізуді көздейді.
"Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері әкімдік бекітетін конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі. Тізбе ауданның жер қатынастары бөлімдерімен әзірленіп, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлік палатасымен келісіліп, ауданның атқарушы органымен бекітілетін болады. Конкурстың айқындылығын қамтамасыз ету үшін конкурстық комиссияның құрамына комиссия мүшелерінің кемінде елу пайызын құрайтын қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерін қосу көзделген. Бұл нормалар жер бөлу барысында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізіледі", — деді Нысанбаев.
Оның айтуынша, конкурсқа қатысушылардың ұсыныс беруі міндетті шарт болып табылады. Ол ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің бизнес-жоспарын, ауыл шаруашылығы дақылдарын егу алаңдарының құрылымын әртараптандыру бойынша индикативтік көрсеткіштерді орындау, жергілікті халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді қамтиды. Бұл талаптар беріліп жатқан жерлерді ұтымды және тиімді пайдалану мақсатында белгіленіп отыр.
"Берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын тексеру мақсатында тұрақты мониторинг жүргізілмек. Сөйтіп, жалға алудың алғашқы бес жылында жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы егістікте әрбір үш жылда, тәлімдік жерде әр бес жылда мониторинг жүргізіліп отырады. Осы жерлер мамандардың тұрақты бақылауында болады. Мониторинг нәтижелері жер учаскелерін жалға беру мерзімін ұзартуға негіз болып табылады", — деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану жөніндегі міндеттемелерді орындау бойынша бірыңғай талаптар белгілеу мақсатында жер учаскесін жалға беру шартының үлгілік нысаны бекітілетін болады. Бұл шартта жалға алушының жерді пайдалану жөніндегі міндеттемелері мен жауапкершілігін күшейту көзделген. Жер учаскесін жалға алу шарты талаптарының сақталмауы заңда белгіленген тәртіппен оны бұзу үшін негіз болып табылады.