АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. Ақорда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты мақаласының толық мәтінін жариялады.
"Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер", — деп атап өткен президент әр ғасырлардығы әліпбидің дамуына тоқталды.
VI-VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға "Орхон-Енисей жазулары" деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды.
Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі.
V-XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды.
Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.
Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады.
Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды.
1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – "Біртұтас түркі алфавитін" енгізу туралы қаулы қабылдады.
Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
1940 жылғы 13 қарашада "Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы" заң қабылданды.
Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.