АСТАНА, 12 сәуір — Sputnik. Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова дәріханаларда рецептілік дәрі-дәрмектің бақылаусыз берілуін сынға алып, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сауал қойды.
"Тәжірибе көрсеткендей, дәріханаларда рецептілік дәрі-дәрмектер еш бақылаусыз беріледі. Көбінесе адамдар дәріханаға келеді де, ауру белгілерін айтып, қандай дәрі ішуге болатынын сұрайды", — деді Аманжолова сәрсенбі күні мәжілістің жалпы отырысында.
Оның сөзіне сүйенсек, бұл жағдайда дәріхана қызметкері арзан емес дәрілерді жиі ұсынады. "Сонымен бірге, кей жағдайда, пациенттер науқасы жайлы интернеттен оқып алып, сонда көрсетілген дәрілерді сатып алады, себебі оларға қолжетімді. Яғни, медикаменттер дәрігердің нұсқауымен емес, ақыл-кеңес бойынша өткізіліп жатыр", — дейді ол.
"Министрдің бұйрығымен бекітілгендей, дәріханада медициналық кеңес беру кабинеттерін ашуға мүмкіндік бар, дегенмен дәрі-дәрмекті ішуге нұсқау беруге науқасты емдеп жүрген дәрігер ғана міндетті. Сол себепті денсаулық сақтау министрлігі бұл проблеманы шешуде осындай ұстанымды басшылыққа алғаны жөн деп ойлаймыз", — деді мәжіліс депутаты.