АСТАНА, 11 сәуір — Sputnik. Құрғақ бие сүтін өндіретін отандық кәсіпорын өнімін Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония және Еуропаның кейбір елдеріне экспортқа шығармақ.
2016 жылдың күзінен бері қазақстандық нарықта SAUMAL® сауда маркасымен құрғақ бие сүті пайда болды. Бұл өнім – 100% табиғи, құрғатылған, бірақ пайдалы қасиеттерін сақтап қалған бие сүті. "ЕвразияИнвест ltd" команиясы директорының орынбасары Ғалымжан Мейрамбековтың айтуынша, немістің сублимация технологиясымен құрғатылған бие сүтінің табиғи саумалдан көп айырмашылығы жоқ.
"Біздің құрғақ сүт табиғи бие сүтімен тоқсан бес пайызға ұқсас. Жаңа сауылған сүт сияқты. Бұған сублимация технологиясының арқасында қол жеткіземіз. Сублимация – бұл төмен температурада өнімді құрғату технологиясы", — деп әңгімеледі ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында
Оның сөзінше, табиғи өнімге бүгінгі күні щетелдіктер тарапынан қызығушылық бар екен. Кәсіпорын өнімін Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония және Еуропаның кейбір елдеріне экспортқа шығаруды көздеп отыр.
"Еуропада құрғақ бие сүтін өндіретін және оның негізінде өнім шығаратын отыз мыңға жуық шаруашылық бар. Бүгінгі күні Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Еуропа елдерінің бірқатар компаниялары қызығушылық танытып отыр. Олар біздің өнімнің үлгісін алып көрді. Енді біздің сүтті сатып алуға дайын. Тек рұқсат ету құжаттары бойынша мәселе бар. Өкінішке қарай, Қазақстан бұл елдерге сүт өнімін жеткізген емес. Сондықтан аккредитацияны толықтай өтуге өтуге тура келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің көмегімен биыл жаздың соңына дейін экспортқа бірінші партияны жөнелтеміз деп жоспарлап отырмыз", — деді Мейрамбеков.
Кәсіпорын 15 тоннаға дейін өнім өндіреді, оның жартысы Қазақстанда сатылады. Бірақ, құрғақ бие сүтінің бағасы қалтадан әжептәуір қағатынын айту керек.
"Бір құтының көлемі 500 грамм, бағасы 30 мың теңге. Бір құты 20-30 күнге жетеді. Бұл аса қымбат емес. Еуропада бұдан да қымбат. Біздің өнімді сатып алушылардың алпыс пайызы – әйелдер. Өйткені дәрігерлер әйелдерге балаларына бие сүтін беруге кеңес береді", — деді Мейрамбеков.
Мамандардың сөзінше, құрғақ бие сүтінің құрамына амин қышқылдары, майлар, ферменттер, микроэлементтер және дәрумендер секілді адам ағзасына қажет 40-тай биологиялық компонент кіреді.