АСТАНА, 6 сәуір — Sputnik. Оралда Желаев нан комбинатында жас жігіт алты қабаттық биіктіктен жүк лифтінің шахтасына құлап кетті деп жазады "Мой город" басылымы.
Жиырма үш жастағы альпинист Ғалымжан Баймұханов жөндеу жұмыстарының ауқымын білу үшін әріптестерімен бірге нан комбинатына келеді. Бағалау жұмыстары аяқталған соң жұмысшылар киім ауыстыратын бөлмеге бара жатқан. Ғалымжан алтыншы қабаттағы есікті ашып кіре бергенде, бос лифт шахтасына құлап кетіпті.
Жас жігіттің омыртқасы, жамбас сүйегі, өкше сүйегі сынып, тағы да басқа жарақаттар алып аман қалды. Жұмысшылар Ғалымжанды шығара алмай, "жедел жәрдем" шақырған. Қазір Баймұханов жан сақтау бөлімінен шығарылып, нейрохирургия бөліміне жатқызылды.