АСТАНА, 3 сәу – Sputnik. Шымкент қаласында орын алған жол-көлік оқиғасынан тоғыз адам зардап шекті, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
3 сәуір күні түнде Шымкент қаласындағы Арғынбеков пен Бәйтерек көшелері қиылысында "Mq350" автокөлігінің жүргізушісі, 24 жастағы жергілікті тұрғын "Дэу Нексия" маркалы автокөлігін басқарып келе жатқан 19 жасар Шымкент қаласының тұрғынымен соқтығысып, жол-көлік оқиғасы орын алған.
ЖКО нәтижесінде 9 адам зардап шекті: екі жүргізуші және "Дэу Нексия" автокөлігінің 7 жолаушысы, олар төрт жасар мен 40 жас аралығындағы ОҚО тұрғындары түрлі дене жарақаттарымен Шымкент қаласындағы ауруханаға жеткізілді.
Аталған жайт СДТБТ тіркеліп, ҚР ҚК 345-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Сараптама тағайындалды. Автокөліктер айыптұраққа жөнелтілді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қазіргі таңда полицейлер жол-көлік оқиғасының орын алу барысын анықтауда.