АСТАНА, 3 сәуір — Sputnik. Оралда полицейдің мұрнын бұзып, бармен қызды ұрған жас жігітке сот үкімі шығарылды деп хабарлады Батыс Қазақстан прокуратурасының баспасөз қызметі.
Былтыр желтоқсан айында ер адам қала дәмханаларының бірінде бірнеше сағат отырып сыра ішкен. Кейін басқа бір мекемеге барып, сол жерде арақ іше бастайды. Сотталушының айтуынша, содан кейін ойында ештеңе қалмапты, полиция бөлімшесінде есін жиған кезде мұрны сынған тәртіп сақшысын көрген.
Кейінірек анықталғандай, мас ер адам екінші дәмханада жанжал шығарған: келушілерді балағаттап, ыдыс-аяқты сындырған, бармен қыздың кеудесінен бір ұрған екен. Полицияда да тәртіп бұзушы балағат сөздер айтып, қызметкердің мұрнынан басымен бір қояды.
Бұдан бұрын сотталмаған, жұмысы, отбасы бар сотталушы бар айыбын мойындап, болған іске өкінетінін жеткізді.
Орал қалалық соты 23 жастағы ер адамды "Бұзақылық", "Билік өкіліне бағынбау", "Билік өкіліне қарсы күш қолдану" баптары бойынша екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Сонымен бірге процесстік шығын ретінде 230 мың теңге өтемақы алынды.
Үкім заңды күшіне енген.