АСТАНА, 3 сәуір — Sputnik. Астанада оқу жылының қысқартылуы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлады Астана қаласы білім басқармасының баспасөз хатшысы Ботагөз Омар.
Бұдан бұрын бірқатар БАҚ мен әлеуметтік желіде 2016-2017 оқу жылының параметрлері өзгергендігі туралы хабар тараған болатын. Соған сәйкес елордада ЭКСПО-2017 көрмесі өткізілуіне байланысты мектеп сабақтары 1 қыркүйек пен 15 мамыр аралығында болады делінген еді.
"Әлеуметтік желіде тарап кеткен мәлімет шындыққа жанаспайды: оқу жылы қысқартылмайды, Астана қаласы бойынша да өзгертілмейді", — деп жазды Ботагөз Омар әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол өз сөздеріне дәйек ретінде ҚР білім және ғылым министрі міндетін атқарушы Эльмира Суханбердиеваның бұйрығының мәтінін келтірген. Бұл бұйрық бойынша оқу жылы 1 қыркүйектен басталып, мектепалды даярлық сыныптарына – 32 аптаға, бірінші сынып үшін – 33 аптаға, 2-11 сынып оқушылары үшін 34 аптаға созылады.