АСТАНА, 31 нау – Sputnik, Айымгүл Әбіл. ЭКСПО көрмесінің аясындағы мәдени және спорттық іс-шараларға республикалық бюджеттен 9 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат еліміздің шығармашылық ұжымдарының шығынын өтеуге жұмсалады. Ал шетелдік қонақтардың барлығы демеушілердің көмегімен келіп кетпек.
"Бюджеттен тоғыз миллиард теңге бөлінді. Мұны біз жасырмаймыз. Қаражаттың тоқсан пайызы республикалық шығармашылық ұжымдарының шығындарын өтеуге жұмсалады. Ал шетелден келетін барлық ұжымдар, Ла Скала театры, музейлер, көрмелер болсын барлығы демеушілердің көмегімен келеді",- деп мәлімдеді бүгін баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Оның айутынша, қазіргі уақытта қазақстандықтардың мәдени шараларға қызығушылығы өте үлкен.
"Бір жыл бұрын бізді экспоға көрермен келе ме, жоқ па деген мәселе толғандырды. Ал биыл өткен Универсиадада билеттердің тоқсан пайызы алдын ала сатылып кеткенін көрдік. Халық билет жоқ деп шулап жатса, бұл үлкен қуаныш. Бұл жұмысымыздың жақсы болғаны", — деді министр.
Айта кетейік, ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесіне орай мәдени және спорттық іс-шаралардың кешенді бағдарламасы әзірленген.
Ла Скала театры қазақстандық көрермендердің назарына ұлы композиторлардың мәңгілік туындылары — Джузеппе Вердидің «Фальстаф» операсын және Л.Бетховеннің №9 симфониясын ұсынатын болады. Сонымен бірге «Астана Опера» театрында Пласидо Доминго Дж.Вердидің «Травиата» операсында өнер көрсетеді. Виолетта партиясын белгілі латвиялық опера әншісі Марина Ребека орындайды. Бұдан бөек, Мариин театрының Астанада өнер көрсетуі айтулы мәдени оқиға болмақ
ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде Ұлттық музейдің бағдарламасы өте бай. Қазақстанда алғаш рет "ЦиньШихуанди императордың Терракот әскері" көрмесі өтеді.
Сонымен қатар, "Ежелгі Египеттің ескерткіштері" көрмесі жоспарланған. Жұртшылық назарына Тутанхамон коллекциясының заттарын ұсыну жоспарланып отыр. Бұған қоса, айтулы іс-шараның бірі Эрмитаж қорының көрмесі болып табылады, онда ұзақ жылдар бойы сақталған Шығыс пен Батыс қару өнерінің 200-ге жуық үлгілері ұсынылады. Тағы бір маңызды жайт, Ислам өнері музейі жинағынан Сұлтан Бейбарыстың өмірі мен билік ету тарихына арналған "Сұлтан Бейбарыс және оның дәуірі" атты көрмесі көпшілікті тәнті етері сөзсіз. "Скиф алтыны" халықаралық көрмесі де ұлттық музей қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлайтын болады.
Бұл ЭКСПО көрмесі аясындағы кешенді іс-шаралардың бір парасы ғана. Жалпы, министрлік 700-ге жуық мәлдени және спорттық шара өткізбек.