АСТАНА, 28 наурыз – Sputnik. Ақтөбе облысында газ құю бекеттерінде туындаған сұйылтылған газ тапшылығы мәселесінің мән-жайын прокуратура анықтайды, деп хабарлады облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, Ақтөбе облысында сұйытылған газ жетпей жатыр. Көлік жүргізушілері газ құю бекеттерінде ұзын-сонар кезекте тұр. Бекет иелерінің айтуынша, сұйылтылған газдың негізгі өндірушісі "CNPC – Ақтөбемұнайгаз" компаниясы келісім шарттарын өзгерткен. Олар бірден 100 пайыздық төлемақыны талап етіп отыр. Сондықтан газ құю бекеттерінің иелері бар газды заңды тұлғаларға сатуға мәжбүр болған.
Үкімет отырысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осы мәселе бойынша жағдайды баяндады. Ол кеше "Ақтөбемұнайгаздан" қосымша 800 тона газ алынғанын атап өтті.
"Екінші мәселе газ сататын мекемелердің кейбіреулерінің жұмысына байланысты. Кеше прокуратураға, бюроға тиісті тексерістер өткізу бойынша тапсырма бердік. Қазіргі кезде қажетті шаралар қолға алынып жатыр. Біздің ойымызша, бүгіннен бастап газ бойынша ешқандай мәселе болмауы керек", — деді облыс әкімі.
Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысында газбен қамтамасыз ететін төрт компания бар екенін айтты.
"Ай сайын министрлік аталған облысқа 5 200 тонна сұйытылған газ бөледі. Жалпы, екі зауыттан жүз пайызын осы төрт компания алып кетеді және облыста сатады. Наурыз айында да бес мың тоннадан астам газды олар сатып алды. Бірақ бұл газ қайда жіберілгенін тексеру керек. Сондықтан бүгін екі лауазымды қызметкерді Ақтөбе облысына жібердім",- деді Бозымбаев.
Осы орайда үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бұл мәселе жыл сайын туындайтынына назар аударды.
"Газ немесе бензин жетпей қалады. Кімнің қай көлемде, қай жерге жіберілетінін жақсы білеміз. Әкімдікпен бірлесе отырып, алдын ала жұмыстарды атқару керек. Егер де алдын ала алған газды бағасы өседі деп, сатпай ұстап отырса немесе шетелге шығаратындай іс-қимылдар жүретін болса, тиісті шаралар қолдану қажет", — деді Сағынтаев.