АСТАНА, 28 нау — Sputnik. Заңсыз құрылыс деп танылған Арбат орталығындағы "Компот" асханасын ішіндегі адамдармен, жиһаздары мен техникасымен бірге бұза бастаған. Бұл жағдай үлкен қоғамдық дау тудырды.
Алматы әкімдігі ғимарат бұзылған кезде ішінде болған қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар неліктен қолға алынбағанын түсіндіре алмай, бұл мәселемен сот орындаушысы айналысып жатыр деп сілтеді.
Бұл ретте, қала басшысының баспасөз қызметі Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қаулысының негізінде асхана бұзылып жатқанын атап өтті.
"Жерді "Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы халықаралық қор" жалға алған. Жерге мемлекеттік акті жоқ, яғни жалға алу мерзімі аяқталған, бекітілген жоба бойынша сараптама, құрылыс-монтаждау жұмыстарын ескертетін талон жоқ, құрылыс авторлық, техникалық бақылаусыз салынған. Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2017 жылдың 20 ақпанында заңсыз құрылыс нысанын сүріп тастауға қаулы шығарды", — делінген қала әкімдігінің хабарламасында.
Заңсыз салынған құрылысты бұзу 27 наурызда басталды.