АСТАНА, 27 нау – Sputnik. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің ұжымына жаңа басшы – Нұрлан Алдабергеновты таныстырды.
Тағайындау туралы қаулы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен келісілді, деп хабарлады Министрлер кабинеті басшысының баспасөз қызметі.
"Премьер-Министр Кеңсесі алдына еліміздің Үшінші жаңғыруы мен Ұлт жоспарын іске асыру аясындағы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау жұмыстарын үйлестіру, Премьер-Министр және Үкімет қызметтерін ұйымдастыру жөнінде маңызды тапсырмалар қойылды", — деді Сағынтаев.
ҚР Премьер-Министрі Кеңсенің жаңа басшылығына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, оларды іске асыру жұмыстарына табыс тіледі.
Алдабергенов Нұрлан Шәдібекұлы – 1962 жылы 19 қарашада дүниеге келген. 1984 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдаған. 2005 жылы Д.А. Қонаев атындағы университетті заңгер мамандығы бойынша бітірген. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінде қызмет еткен. 2011 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның алқа мүшесі — министрі болды.