АСТАНА, 24 наурыз — Sputnik. Қысқы Универсиада-2017 атлеттер ауылындағы пәтерлер "Нұрлы Жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша кезекте тұрғандарға сатып алу құқығымен жалға берілді.
"Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы Қазақстан ипотекалық компаниясы желісі бойынша 2000-нан астам отбасы пәтерге ие болды.
Көп балалы отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедек балалары барлар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, І және ІІ топ мүгедектері, оралмандар, мемлекеттік қызметкерлер, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың жұмысшылары "Нұрлы жер" жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша баспана алуға кезекте тұрған еді.
Атлеттер ауылының аумағы 23 гектардан асады, 14 тұрғын үй орналасқан. Олардың оны 8-9 қабатты, ал төрт үй – 14 қабатты.
Бұл жерде ХҚКО, емхана, супермаркет, банк пен пошта бөлімшесі, полиция пункті жұмыс істейтін болады. 7000 адамға арналған мешіт салу да жоспарда бар.