АСТАНА, 23 наурыз — Sputnik. Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевтің Қазақстанға ресми сапары аясында Ақордада екі елдің мемлекет басшылары арасында кездесу өтіп жатыр.
"Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамында келіп отырсыз. Бұл сіздің президент болып сайланғаннан кейінгі тұңғыш мемлекеттік сапарыңыз. Президент болып сайлануыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас өзбек халқына, өзіңізге зор денсаулық пен үлкен табыстар тілейміз. Біз туысқан ел ретінде өзбек халқының, өзбек мемлекетінің өркендеп, өніп, үлкен жетістіктерге жетіп отыруын тілейміз", — деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамып, өзара сауда-саттықтың 30 процентке өскенін атап өтті.
"Біз кеше келіссөздерді бастап кеттік. Шекараны ашып, өзара сауданы арттыру үшін не істелгенін талқыладық. Екі ел арасындағы сауда-саттық күрт өсіп отыр. Жаңа өнім түрлері пайда болып жатыр. Бүгін Астанада өтіп жатқан үлкен бизнес-форумға 500 кәсіпкер қатысуда. Құны бір миллиард доллар болатын 75 келісімшартқа қол қойылмақ. Осы жылдар ішінде біздің тарихымызда мұндай алғаш рет болғалы тұр", — деп тоқталды Елбасы.
Президент екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізі Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримвотың кезінде қаланғанын тілге тиек етті.
"Ол менің жақын досым болды, жатқан жері жайлы болсын. Енді біз бауырлас ел, тату көрші ретінде әрі қарай осы дәстүрді жалғастырып, бір-бірімізден көмегімізді аямайтын боламыз", – деп түйді сөзін Назарбаев.