АСТАНА, 17 наурыз — Sputnik. Ташкентте ҚТЖ АҚ ҰҚ мен "Узбекистон темир йуллари" АҚ делегацияларының кездесуі аяқталды. Онда бұрын екі ел үкіметтері уағдаласқан № 1/2 "Алматы-Ташкент" халықаралық жүрдек пойызын шығару туралы келісімді жүзеге асырудың техникалық тұстары талқыланды деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Кездесу қорытындысы бойынша төмендегі мәселелер пысықталып, шешімін тапты: мүмкіндігі шектеулі жандар мен оларды алып жүретін адамдарға арналған орындарға 70% көлемінде өзара жеңілдік беру туралы; қол жүктері мен жүк багаждарын тасымалдау тәртібі туралы; № 1/2 "Алматы-Ташкент" жүрдек пойызының қатынау кестесі туралы және т.б.
"Наурыз мерекесінің қарсаңында жаңа тұрпаттағы кең кузовты "Тұлпар-Тальго" вагондарынан тұратын № 1/2 "Алматы-Ташкент" жүрдек пойызының жолға шығатынын естеріңізге саламыз", — делінген хабарламада.
Пойыз Алматыдан дүйсенбі мен сенбі күндері, ал Ташкенттен сейсенбі мен жексенбі күндерінде қатынайтын болады. Жолда жүретін уақыты шамамен 16 сағ 30 минут. Аялдайтын бекеттері: Отар, Шу, Тараз, Шымкент, Сарыағаш и Ташкент.