АСТАНА, 17 наурыз — Sputnik. Қазақстанда көктем мезгілінде ауа райы құбылмалы болып, жауын-шашын жауады, су тасқыны болуы мүмкін. Бұл туралы "Қазгидромет" метеоқызметі Sputnik Қазақстан агенттігіндегі баспасөз мәслихатында айтты.
"Биыл көктем ұзаққа созылады, суық және жылы ауа ағындары жиі алмасады. Сәуірдің басында ауа райы суық әрі желді болуы ықтимал. Еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын жауып, көктайғақ болады", — деді "Қазгидромет" орталығының директоры Марина Шмидт.
Марина Шмидттің сөзіне жүгінсек, еліміздің батысында ауа райы жауын-шашынсыз болады. Жылы ауа массаларының Орта Азия ауданынан ел аумағына қарай жылжуына орай ауа райы жылы, тіпті ыстық болады.
Бастапқы болжам бойынша, сәуірдің үшінші он күндігінде күн жылы, бірақ жаңбырлы болады. Республиканың солтүстік бөлігінде температура нөлден жоғары болмақ. Еліміздің батысында және қиыр солтүстікте температура режимі әдеттегі нормаға сай келеді, қалған өңірлерде климаттық нормадан бір градусқа жоғары.
Көктемнің соңғы айында ауа райы құбылмалы болады деп хабарлайды синоптиктер.
"Су тасқыны ахуалына келер болсақ, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарында, оның ішінде Есіл, Жабай және Қалқотан өзендерінде су тасуы мүмкін. Батыс Қазақстан өзендерін айтар болсақ, бұл жерде судың өзен аңғарынан асуы қалыпты деңгейде болады. Ресей Федерациясы аумағында қар көп болғандықтан, Орал өзенінің суы тасуы мүмкін. Мамыр-маусым айларында, таулардағы жауын-шашынға байланысты сел жүруі мүмкін", — деді "Қазгидромет" гидрология департаментінің директоры Дидар Жәнібекұлы.