АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Павлодар облысының полицейлері Қайрат Нұртастың концертінен кейін жоғалып кеткен құндыз терісінен тігілген тонды іздеу жұмыстары қалай жүргенін айтып берді.
Оқиғаның неден басталғанын әңгімелесек. 8 наурыз күні белгілі әнші Қайрат Нұртас Павлодарда концерт қояды. Концерттен кейін әйелдердің бірі киім ілгішке тапсырған бағасы 315 мың теңге болатын құндыз тонның орнына жасанды тон бердіңдер деп байбалам салады. Тіпті ақыр аяғында бұл жанжалға Нұрастың директоры Лаура Бекболатқызы араласуға мәжбүр болды. Ол әншінің концертте жоғалған әрбір дүниенің ақысын өтеуге міндетті емес екенін мәлім етеді. Ал бір аптадан кейін полиция жоғалған тонға қатысты істің ашылғанын жариялайды.
Әлеуметтік желілерде Қайрат Нұртастың концертінен кейін ұрланған тонға қатысты дау-дамай қызу талқыға түседі. Кейін белгілі болғандай, шын мәнінде тонды ешкім ұрламаған. Әдеттегідей, концертке көп адам жиналған, кеш аяқталғасын, тезірек киімін алып, кету үшін бәрі жапа-тармағай гардеробқа ұмтылады. Осы әбігер кезінде қателік кеткен. Қала тұрғынының тонын Екібастұз өңірінің алыс ауылдарының бірінен келген егде әйелге беріп жіберген. Ол ауылға келгеннен кейін ғана бір қарағанда қатты ұқсайтын тондарының ауысып кеткенін байқайды. Әйел осы жағдайға қатты уайымдаған. Инсульттан кейін әйел өзін жайсыз сезінгендіктен, Павлодарға өзі бара алмағандықтан, туыстары арқылы тонды қалаға беріп жібереді. Немересі оның өтініші бойынша бірден тонды қалалық мәдениет үйіне апарып, әкімшіліктен жағдайды түсіндіріп, киімді қайтару үшін тонның иесін шақыруды сұрайды. Өзінің қымбат тонын алған әйел алғысын жеткізіп, әрі қарай істі ушықтыруды тоқтатады.
Ал Павлодар облысының ішкі істер департаменті адалдық танытып, өзгенің дүниесін қайтарып берген әйелге алғысын білдіреді. Полицейлер тіпті әйелге ақшалай сыйақы бермек болады, бірақ ауыл тұрғыны бірден бас тартады. Дегенмен, тәртіп сақшылары әйел көптен армандаған сүт тартқыш электр машинасын сыйлағанды жөн санаған.