АСТАНА, 15 наурыз – Sputnik. Жаңадан салынған үйлердің тұрғындары уақытша тіркеуге тұрмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды.
ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев Facebook парақшасында түсіндіріп өткендей, азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркеу кезінде жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысты сұрақтар туындаған. Мұндай үйлерде тиісті құжаттарсыз тұрып жатқан адамдардың тіркелуге мүмкіндігі жоқ.
"Осы жағдайға байланысты біз Жоғарғы сот, Бас прокуратура, Әділет министрлігімен арнайы шешім қабылдадық. Жаңадан салынған үйлерде тұрып жатқандарды жауапкершілікке тарту дұрыс емес", — дейді Сәдубаев.
Бұған қоса, Сәдубаев атап өткендей, Үкімет қаулысының жобасына толықтыру енгізілді. Оған сәйкес уақытша тіркеуге жатпайтын азаматтардың санаты анықталды:
- 16 жасқа толмаған балалар;
- Науқас азаматтар және емделіп жатқандар;
- Вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар;
- Әскердегі сарбаздар.