АСТАНА, 11 наурыз — Sputnik. Алматыдағы жоғары оқу орындардың бірінің жатақханасы маңындағы қоқыс контейнерінен жолай өтіп бара жатқан адам жаңа туған сәбиді тауып алды деп жазады patrul.kz.
Ер адам шақалақты таңғы сағат алты кезінде тауып, бірден полицияға хабар беріп, "жедел жәрдем" шақырған. Нәрестенің кіндігі байланбапты. Оны бірден ауруханаға жеткізгенімен, өміріне араша түсуге мүмкіндік болмады – сәби бірнеше сағаттан соң шетінеп кетті.
Көп ұзамай полиция жақын маңдағы жатақханадан жас босанған әйелді тапты. Ол 18 жастағы Қызылорда облысының тумасы екен, Алматыдағы ЖОО-ның бірінің екінші курс студенті.
Жас қызды ауыр хәлде қалалық аурухананың жан сақтау бөліміне жеткізді. Болжам бойынша, ол жатақхана бөлмесінде жалғыз өзі босанған.
Қызға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.