АСТАНА, 10 наурыз — Sputnik. Павлодардағы АП 162/3 түзету мекемесінің екі қызметкері дзюдодан бірнеше дүркін республика чемпионы Бақытжан Әбдікәрімовті өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізді деген күдікпен қамауға алынды деп хабарлады Павлодар облысы прокуратурасы арнайы прокурорлар басқармасы басшысы Әсет Сәттібаев брифингте.
Оның мәліметінше, көз жұмғанға дейін бірнеше күн бұрын 45 жастағы сотталған азамат Бақытжан Әбдікәрімовті мекеменің тәртіп бөлімі басшысы Канкин мен бөлімнің жедел қызметкері Мұқанов бірнеше мәрте соққыға жығып, сексуалды сипатта қоқан-лоққы көрсеткен. Ар-намысы аяққа тапталған Әбдікәрімов мұндай қорлыққа төзе алмай, бірнеше рет өз-өзіне қол салмақ болады. Соған қарамастан колония басшылығы қауіпсіздік шарасын қолданбаған.
"Медициналық-санитарлық бөлім палатасында спортшы әйнекті шағып, қос білегін 130 реттен астам кескілеген, сондай-ақ қарынын жарақаттаған. Тергеу 11 айға созылды. Бұл істің қиындығы, қылмыстың ашық еместігінде. Куәгерлер базасы сол сотталушылардың түсініктемесі негізінде құрылды. Ол адамдар күдікті лауазымды тұлғалар тарапынан қысымға ұшыраған. Сол себепті Мұқанов пен Канкинге ҚР ҚК 361-бабы 2 бөлігі бойынша қосымша айып тағылды. Алайда олар кінәсін мойындамай отыр", — деді Әсет Сәттібаев.
Тергеу нәтижелерімен танысқаннан соң, істі сотқа жібереді.
ҚР чемпионы екі адамды аяусыз соққыға жыққаны үшін бес жылға сотталған болатын. Тергеу мәліметіне сүйенсек, 2016 жылы 24 ақпанда ол әйнек сынығымен өз-өзін бауыздаған. Әбдікәрімовті тез арада ауруханаға жатқызғанымен, дәрігерлер оның өмірін арашалап қала алмапды: спортшы есін жимастан көз жұмған.