АСТАНА, 9 нау – Sputnik. Ақтөбе облысында жүк вагондар рельстен шығып кетіп, салдарынан жолаушылар пойызы кешіктіріліп жатыр, деп хабарлады "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі.
Бейсенбі, 9 наурыз сағат 09.43-те "ТенгизТрансГаз" ЖШС-на тиесілі №2201 жүк пойызының вагондары 142 разъезд – Қарауылкелді өткелінде рельстен шығып кетті. Апаттың алдын ала себебі – вагондардың бірінің бүйір рамасының сынуы. Рельстен шығу салдарынан Маңғыстау-Ақтөбе, Атырау-Алматы, және Астана-Атырау қатынасындағы үш жолаушылар пойызы кешіктіріліп жатыр. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Төтенше жағдай салдарын жоюға Қандыағаш пен Мақат стансасының жұмысшылары жұмылдырылды.
Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.