АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне билет сатып алды, деп хабарлайды парламенттің төменгі палатасының баспасөз қызметі.
Нығматулин бастаған мәжіліс депутаттары бүгін көрме аумағын аралап, бірқатар салынып жатқан және құрылысы біткен нысандарды қарап шықты. Сонымен бірге олар ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық мәселелеріне арналған "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының басшылығы қатысуымен өткен кеңеске қатысты.
Баспасөз қызметі хабарлағандай, ЭКСПО-2017 көрмесін аралаған Нұрлан Нығматулин халықаралық көрмеге билет сатып алған. Мәжіліс төрағасы көрменің бүгінде жаһандық ұлттық жоба мәртебесіне ие болғанын атап өтті.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында өтеді. Көрменің тақырыбы — "Болашақ энергиясы". 100-ден астам мемлекет көрмеге қатысуға ниет танытып отыр.