АСТАНА, 7 наурыз — Sputnik. Шымкент гарнизоны әскери сотымен келісім шарт бойынша әскери қызметші "Е"мен оның әпкесі "В"-ға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 131-бабы 1 тармағымен қозғалған жеке айыптау туралы қылмыстық ісі қаралды деп хабарлайды Қазақстан әскери сотының баспасөз қызметі.
Іс бойынша анықталғандай, жеке айыптаушы "А" сотқа айыпталушы "Е" мен "В"-ны абыройы мен қадір қасиетін әдепсіз түрде кемсіткен үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы шағым берді. 2016 жылы шілде айында "А"-ны еркінен тыс үйлеріне алып қашып, "Е"-ге қалындық болуға көндірген. Бірінші неке түннен кейін жазықсыз жәбірленуші "А"- ның абыройы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткен. Жәбірленуші "А" дәрігер гинекологқа қаралып, сараптама қорытындысына сәйкес "А"-ның абыройсыз екені дәлелденбеген. Соған қарамастан жеке айыпталушылар "Е" мен "В" жәбірленуші "А"-ның абыройы мен қадір қасиетін әдепсіз түрде кемсітетін сөздерін айтуын тоқтатпаған. Сот отырысы барысында "Е" мен "В" кінәларын мойындамай, "А"-мен татуласу рәсімнен бас тарты.
Шымкент гарнизоны әскери сотының үкімі негізінде "Е" мен "В" Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 131 бабының 1 тармағымен теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп табылып, жаза ретінде тиісті "Е"-ге 20 АЕК, ал "В"-ға 30 АЕК мөлшерінде айыппұл тағайындалған.
Сотталушылар "Е" және "В" үкіммен келіспей апелляциялық сот алқасына шағымданған. Сотталушылардың шағымы апелляциялық алқасымен қанағаттандырусыз қалдырылған.
Үкім заңды күшіне енді.