АСТАНА, 6 наурыз — Sputnik. Жынысын өзгертіп, Виктория есімді әйел атанған трансгендер Кәрімжан Берікқожаев бопсалағаны үшін айыпты деп танылып, әйелдер колониясына жіберілетін болды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Дүйсенбі күні 6 наурызда Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сот судьясы Қасым Қалмағамбетов Қылмыстық кодекстің 194 бабы, 4 бөлігі бойынша үкімді оқып, Виктория Берікқожаева алты жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасына кесілді.
"Виктория құжат жасатты. Жеке куәлік алу үшін құжаттарын тапсырған, жұма күні куәлігін алады. Сол себепті сотта оның құжат алғандығы туралы түбіртек болды, үкім Берікқожаева Викторияға қатысты шығарылды", — деп түсіндірді сотталған трансгендердің қорғаушысы Марина Расулова.
Кәрімжан Берікқожаев 2016 жылы 20 тамызда Алматы кафелерінің бірінде жәбірленушіден он мың доллар алып отырған кезде ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, Берікқожаев басқа бір трансгендерді жынысын ауыстырғаны туралы ақпарат таратамын деп бопсалап, ақша талап етіпті. Бірақ, жоспары іске аспай қалды – жәбірленуші полицияға хабар берген.