АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Тәжікстан астанасы Душанбеде әйгілі геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы, Тәжік КСР Ғылым академиясының Тұңғыш құрметті мүшесі Қаныш Сәтбаевтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылады, деп хабарлайды республика сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Сыртқы саяси ведомствоның ақпаратына сәйкес, 2017 жылғы 1 наурызда Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов Тәжікстан Ғылым академиясының Президенті Фарход Рахимимен кездесті.
Атап айтқанда, Сейтімов әйгілі геолог, Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы, Тәжік КСР Ғылым академиясының Тұңғыш құрметті мүшесі Қаныш Сәтбаевтың Тәжік КСР Ғылым академиясының ашылуын ұйымдастыруға тікелей атсалысқаны туралы баяндады.
Бауырлас мемлекеттердің жас ұрпақтары Академик Қ.Сәтбаевты мәңгі есте сақтау үшін, Тәжікстан Ғылым академиясы ғимаратына ғалымның ескерткіш тақтасын орнату туралы Елшінің ұсынысын ТР ҒА Басшысы қолдады.
Елші сұхбаттасын Қазақстанның қазіргі кезеңдегі дамуының негізгі тұстарымен таныстырды. Оның ішінде, Қазақстандағы мемлекеттік билік арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Халыққа үндеуі және "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты Жолдауының мазмұнымен таныстырды.
Одан әрі, тараптар екі ел ғалымдарының ғылыми маңызды ортақ зерттеулер жөнінде пікір алмасты. Осы тұрғыдан, Рахими Тәжікстанның астрофизика және сейсмология саласында үлкен тәжірибесі бар екеніне назар аударды.