АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын қарайтын бірлескен комиссия құрылды. Депутаттар мен құжатты әзірлеуші тараптың өкілдері кірген комиссия демалыс күндері жұмыс істеп, дүйсенбі күні маңызды құжатты екінші оқылымда қарастырады.
Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді құжатты екінші оқылымға дейін талқылап, пысықтайтын бірлескен комиссия құрылып отыр. Заңға сәйкес, комиссия құрамын парламент палаталарының төрағалары ұсынды. Сөйтіп, парламенттің әр палатасынан жеті депутат кірді. Әзірлеуші тараптан үш адам бар, олар — ҚР Президентінің әкімшілігі басшысының орынбасары Талғат Донақов, конституциялық кеңес төрағасы Игорь Рогов, Әділет министрі Марат Бекетаев. Жалпы, комиссия құрамында 17 адам. Комиссия төрағасы болып Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров сайланды. Заң жобасын парламент екінші оқылымда 6 наурызда қарамақшы. Сондықтан депутаттар демалыс күндері қызу жұмыс істеуді көздеп отыр.
«Барлық ұсыныстарды бірлескен комиссияға жазбаша түрде беру керек. Ертең сағат 14.00-ге дейін 14 тұрақты комитет пен 3 партия фракциясы түзетулері мен ұсыныстарын беруге тиіс. Бұдан бөлек, әр депутат өз ұсыныстарын да жібере алады», — деді депутат.
Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев қаңтарда мемлекеттік билік жүйесін ауқымды реформалауды ұсынды. Осыған орай тиісті заң жобасы дайындалып, бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды. Бір ай ішінде қоғамдық-саяси ортада екі мыңнан астам, ғылыми-шығармашылық ортада елуден астам республикалық деңгейдегі басқосу өткен. Жалпы, жалпыхалықтық талқылау нәтижесінде алты мыңға жуық жаңа ұсыныс келіп түсті.