АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Қолданыстағы Конституцияда президентікке кандидаттардың міндетті түрде жоғарғы білімінің болуы ескерілмеген. Сондықтан Ата заңға енгізу ұсынылған өзгерістерді жалпыұлттық талқылау барысында бұл талапты қарастыру керек деген ұсыныс берілген. Бұл туралы бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов айтты.
"Біздің қоғам Елбасының үндеуі мен жолдауын талқылау барысында болашаққа байыпты болжам жасай отырып, өз ұсыныс тілектерін де жеткізді. Соның бірі Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидаттыққа қойылған негізгі талаптарға қатысты болды. Конституцияның 41-бабында ел президентінің лауазымына кандидаттарға қойылатын біліктілік өлшемдерінің ішінде жоғарғы білімнің ескерілмегені мүлдем ақылға қонымсыз. Тіпті, мемлекеттік қызметтің ең төменгі сатысы үшін де жоғарғы білім болуы қаралған. Ал елді басқаратын президенттікке кандидат үшін бұл қаралмаған. Сондықтан да президентікке кандидатқа қойылатын басты талаптар қатарына міндетті түрде жоғары білімнің болуын Конституцияға енгізу қажет деген нақты ұсыныс бар" — деді Ізмұхамбетов.
Депутаттың айтуынша, бұл болашақта орын алуы мүмкін келеңсіздіктің алдын алудың бір жолы деуге де болады.
"Түптеп келгенде, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің нәтижесінде мемлекеттік басқарудың неғұрлым тиімді, мығым және заманауи жүйесі құрылады. Мемлекеттік билік жүйесін ауқымды және түбегейлі реформалау шеңберінде ұсынылып отырған Констиуцияға енгізілетін түзетулердің барлығы бүгінгі заманның жаһандық және өңірлік сын қатері алдында Қазақстанның тұрақтылығын айқындайтын тағдырлы сипатқа тән екенін сөзсіз", — деп атап өтті депутат.